|
Caspionet үш тілде таралады:
қазақша: 00.00-03.00, 06.00-09.00, 12.00-15.00, 18.00-21.00;
орысша: 15.00-18.00, 21.00-24.00;
ағылшынша: 03.00-06.00, 09.00-12.00.
Қазақстанның географиялық орналасуы
Қазақстан – асқар шыңды көгілдір таулардың, тау беткейіндегі көкорай жасыл шалғындардың, көрінісі көркем жазықтардың, ертегідей сұлу ормандардың, жусанды шексіз дала мен алтын құмдардың, көптеген өзендердің, көлдер мен теңіздердің елі. Еуразия құрлығындағы барлық географиялық аймақтар Қазақстанда бар. Ел аумағы орасан үлкен. Оңтүстікте көктемгі егіс басталғанда, солтүстікте жер әлі мұз құрсауында жатады, кейде тіпті қарлы борандар ұйтқи соғады. Республика аумағы батыста Еділдің төменгі ағысынан шығыста Алтай тауларының етегіне дейін, солтүстікте Батыс-Сібір ойпатынан оңтүстікте Тянь-Шань тау жоталарына дейін, екі сағат белдеуін ала созылып жатыр. Қазақстанның ең солтүстік нүктесі - 55'26' солтүстік ендікте, ол Шығыс Еуропа жазығының орталық бөлігіндегі оңтүстік ендік пен Британ аралдарының оңтүстігіне (Мәскеу ендігі) сәйкес келеді, ең оңтүстік ендігі - 40'56' солтүстік ендікте – Кавказ елдері мен Оңтүстік Еуропаның Жерортатеңізі елдеріне (Мадрид, Стамбул және Баку ендігі) сәйкес келеді. Шекаралары Шығыста, солтүстікте, және солтүстік-батыста Қазақстан Ресеймен шектеседі, (шекара ұзындығы 6477 км), оңтүстікте - Орталық Азия мемлекеттері – Өзбекстан (2300 км), Қырғызстан (980 км), және Түркіменстанмен (380 км), ал оңтүстік-шығысында - Қытаймен (1460 км) шектеседі. Шекараның жалпы ұзындығы 12,2 мың килоетрге созылған. Соның ішінде 600 километрі Каспий теңізі бойынша (батыста). Табиғат аясы Қазақстан Еуразия құрлығының қақ ортасында, Атлант мұхиты мен Тынық мұхиттан бірдей қашықтықта, сондай-ақ Үнді мұхитынан айтарлықтай алыс орналасқан. Осындай құрлықтықты терең бойлай орналасауы оның табиғат жағдайын да айқындайды. Қазақстан аумағының ширегінен астамын – дала, жартысын – шөлдер мен шөлейттер, қалған бөлігін таулар, теңіздер, көлдер мен өзендер алып жатыр. Оның аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай мынадай табиғи-климаттық аймақтарға бөлінеді: орманды дала, дала, шөлейт, шөл, сосын тау баурайы, тау жоталары. Жер бедері мұхит деңгейінен төмен терең ойпаттардан биіктігі 5000 метрге жететін асқар тауларға дейін көтеріледі. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында құмдар 2400 километрге созылған, соның елеулі бөлігі ел аумағында орналасқан Тянь-Шань тау сілемдеріне ұласады. Бұл – Барлық, Жоңғар Алатауы, Іле Алатауы, Талас Алатауы және Кетмен жоталары (осы жоталардың ең үлкен нүктесі – теңіз деңгейінен 6992 метрге жететін Хан Тәңірі шыңы). Қазақстан шығысында оңтүстік Алтаймен шектеседі. Еуразияның, табиғи жағдайы бір-бірінен мүлде өзгеше, екі аймағы – Орта Азия мен Сібір аралығында жатқандықтан, Қазақстан аумағында тоғысатын солтүстіктің ызғарлы суық ауасы мен оңтүстіктің қапырық ыстығының ықпал-әсері елеулі. Қазақстан ауа-райының күрт континентальды және жауын-шашыны біркелкі болмайтын себебі сондықтан. Су қоры Қазақстанның су қоры көп жағдайда өзендер мен көлдердің ағысына тәуелді. Қазақстан өзендерінің көпшілігі негізінен мұздақтардан бастау алады. Қазақстан тауларында барлығы 3 мыңға жуық мұздақ бары анықталған. Барлық мұздақ көлемінің тең жартысы Жоңғар Алатауы шыңдарына тиесілі. Шығу тегіне қарай көлдің екі түрі бар – тектоникалық және экзогенді. Каспий, Арал теңіздері, Балқаш, Теңіз, Алакөл, Марқакөл тектоникалық ойпатта орналасқан. Қазақстан аумағында 85 022 өзен мен уақытша ағатын шолақ өзендер бар, соның ішінде 84 694 өзеннің ұзындығы 100 километрге жетеді, 305-інің ұзындығы – 500 километр, 23 өзеннің ұзындығы 500-1000 километрге жетеді. Әйгілі өзендер қатарына Жайық, Есіл, Тобыл, Торғай, Елек, Шу, Сарысу, Талас, Нұра, Ембі жатады. Климат Елдің климаты күрт континентті. Қаңтардағы орташа температура Цельсий бойынша - 19 дан - 4 градусқа дейін, шілдеде +19 дан +26 градус шек аралығында. Қыстағы ең төменгі температура - 45 С, ең жоғарғы температура +30 С. Қазақстанның үлкен аумағын шығысы мен оңтүстік-шығысында таумен көмкерілген жазық дала алып жатыр. Таулар Қырғызстан шекарасын бойлай теңіз деңгейінен 5000 метрге дейін жоғары көтерілсе, Маңғыстаудағы Қарақия (Батыр) ойпаты теңіз деңгейінен 132 метр төмен жатыр. Батыста – Каспий бойы ойпаты. Оңтүстік-Батыста – Маңғыстау түбегі. Қазақстанның орталығында – ұсақ шоқылы Сарыарқа, солтүстік қиырында – Батыс-Сібір жазығының оңтүстік атырабы, шығысы мен оңтүстік шығысында – Алтай, Тарбағатай, Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шань таулары. Ең биік шыңы – Хан тәңірі (Сарыжаз жотасы) – теңіз деңгейінен – 6 995 метр. Жер қойнауының байлығы Қазақстан көзге көрінекті, әрі өзгеше табиғатымен қоса, минералдық қазбалардың да орасан мол қорына иелік етеді. Менделеев кестесіндегі 105 элементтің Қазақстан қойнауынан 99-ы табылды, 70-сінің қоры барланды, оның 60-тан астамы өндіріске енгізілді. Қазақстанда 6000-ға жуық пайдалы қазбалар бары белгілі. Қазақстан мұнай қоры жөнінен әлемдегі алғашқы ондықта тұр. Қазақстан ашылған уран кен орындарының әлемдік қоры бойынша екінші орында. Қазақстан алтын қоры бойынша әлемде алтыншы орын алады. Кейбір ғалымдардың есептеулері бойынша, Қазақстанның барланған жер қойнауы шамамен 10 триллион АҚШ долларына бағаланады. Өсімдіктер мен хайуанаттар әлемі Қазақстан Республикасының биологиялық ландшафты сан алуан және керемет бай. Онда солтүстіктегі шөл даладан тау беткейіндегі көкорай шалғындар мен мәңгілік қарларға дейінгі табиғи белдеулердің бәрін де табуға болады. Өсімдік қорында 6 мыңнан астам өсімдік түрлері бар. Республика көлемінде 5 754 түрлі жоғары өсімдіктер өседі. Қазақстан өсімдіктер әлеміне жоғары деңгейлі - 14 %-ға дейінгі эндемизм тән. Батыс Тянь-Шань мен Қаратау тауларының өсімдіктері барынша мол ерекшеліктерімен көзге түседі. Қазақстанның хайуанаттар әлемі де сан алуан. Оның аумағында омыртқалы жануарлардың 853 түрі (сүтқоректілер – 178, бауырымен жорғалаушылар – 49, қосмекенділер – 12, балықтар мен дөңгелек ауздылар – 102 ) мекендейді. Омыртқасыздар фаунасы сан алуан, мұнда олардың ең кемі 50 мыңдай түрі бар, соның ішінде 30 мыңдайы ұсақ насекомдар. Кең далада құландар мен жайрандар үйірі жайылып жүреді. Оның қарлы тау шыңдарында барыстар тіршілік етеді. Тау үңгірлерінен көк құс – үнді шымшығының үні естіледі. Қазақстанды құстар, суырлар, Үстірттің жабайы қойлары, Түркістан сілеусіндері, Тянь-Шанның қоңыр аюлары, қоқиқаздар мен аққулар мекендейді. Олардың бәрі де керемет және жойылып бара жатқан жануарлар. Республиканың Қызыл кітабына омыртқалы жануарлардың 125 түрі, омыртқасыз жануарлардың 96 түрі және өсімдіктердің 303 түрі енгізілген. Көргендер: 3838
|